Президент • 05 Шілде, 2018

Мемлекет басшысы  Әбу-Дабидің мұра­гер ханзадасын қабылдады

279 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Аста­наға ресми сапармен келген Әбу-Дабидің мұра­гер ханзадасы, Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы күш­тері Жоғарғы бас қол­бас­шысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесті.

Мемлекет басшысы  Әбу-Дабидің мұра­гер ханзадасын қабылдады

Аталған кездесу мәртебелі қонақ­­тарға лайықты сән-салта­на­ты­мен, құрмет қарауылы сап түзеп, екі мем­лекеттің әнұран­дары­ның орындалуымен бас­талды.

Мұнан соң кеңейтілген құрам­дағы кездесуде Қазақстан Прези­денті наурыз айында Біріккен Араб Әмірліктеріне сапарының сәтті болғандығын атап өтті. Мемлекет басшысы, сондай-ақ БАӘ-де шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның әкесі­нің 100 жылдығы тойланып жатқан­дығына қарамастан, Қазақстан Президентінің шақыртуын қабыл алып, Астанаға келгендігі үшін ризашылығын білдірді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Алматы мен Астанада өткен қысқы Универсиада ойын­дарына шейх Мансұрдың, ал Азия ойындарына шейх Мұхам­мед­тің келгендігін атап өтті.

– Мен сіздің әкеңіз, марқұм бен Заидпен кездескен едім. Өте кемеңгер, мейірімді адам еді. Біз ол кісі туралы кітап шығар­дық, деген Мемлекет басшысы мұрагер Ханзадаға әкесі шейх Заид бен Сұлтан Әл Нахаян жайында жазылған кітапты табыс етті.

Мемлекет басшысы сон­дай-ақ шейх мұрагер ханзаданы «Астана – 20 жыл» мерей­той­лық медалімен марапаттады.

– Сіз бен менің арамыздағы туыс­қандық, бауырластық, жиі кез­десулердің арқасында екі ел­дің арасындағы бизнес, іскерлік қарым-қатынас ұлғайып келе жатыр. Сауда-саттығымыз екі есе артты. Алдымызда көп мақсат бар. Ин­вес­тицияны сақтау туралы ке­лісімге қол қойдық. Қосар­лан­­ған салық салуды болдырмау мә­се­­ле­сін келістік, деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы сондай-ақ гидроэнергетика және газ-химия кешені құрылысы саласындағы жобаларды әрі қарай жүзеге асыру мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар Біріккен Араб Әмірліктерінің ғылым мен технологияны дамыту жұмыстарының өзектілігіне, оған қоса, екі мемлекет арасында енгізілген визасыз режімнің тиімділігіне назар аударды.

Қазақстан Президенті БАӘ қол­­­дауымен жүзеге асырылып жат­­­­қан әлеуметтік және инфра­құ­ры­­­­­лым­­­дық жобалардың жүзеге асы­­­­ры­­лу барысына да тоқталып өтті.

Өз кезегінде Әбу-Дабидің мұра­гер ханзадасы шейх Мұхам­мед бен Заид Әл Нахаян екі ел бас­шы­ларының тығыз қарым-қаты­нас­тарының арқасында Қазақ­стан мен Біріккен Араб Әмір­лік­тері­нің арасында достық байла­ныс­тар орнағандығын атап өтті.

– Сіздермен арада ағайындық қарым-қатынас қалыптасты. Біз Сізді үлкен ағамыз деп есеп­тейміз және Сіздің бай өмірлік тәжі­рибе­ңізді құрметтейміз. Осыдан отыз жыл бұрын Қазақстан осындай өзгерістерді жүзеге асырады деп ешкім де күтпеп еді. Бүгінде Қазақ­стан – көшбасшы ел, аймақ­тағы маңызды мемлекет. Осы­ның барлығына Сіздің сарабдал саясатыңыз бен көреген көшбас­шы­лығыңыздың арқасында қол жеткізілді, деді мұрагер ханзада.

Тақ мұрагері ресми сапарының қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылды. Қазақстан Рес­пуб­ликасы мен Біріккен Араб Әмір­ліктері арасында сотталған адамдарды беру туралы, мәдени саладағы ынтымақ­тастық туралы және Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Сауаб» дерадикализация жөнін­дегі халықаралық орталығы арасын­дағы ынтымақтастық туралы келісімдер бекітілді.

Ресми сапар аясында мұрагер ханзада «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылу рәсіміне қатысады деп күтілуде.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»